Өскемен гарнизонында орналасқан 27943 әскери бөлімінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай «SHYGYS AIBYN-2025» атты облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Айбында сарбаздар сайысына Өскемен, Риддер, қалалары мен Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Глубокое, Тарбағатай, Самар, Күршім, Марқакөл, Ұлан, Үлкен Нарын және Шемонаиха аудандарынан келген құрама командалар қатысты.
Жиынның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді, әскери тәртіп пен жауынгерлік рухты қалыптастыру.
– Жастарымыздың бойында жауынгерлік рухты, елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру — біздің басты міндетіміз. Қатысушылардың жарысқа дайындығы өте жоғары деңгейде. Болашақта олардың қатарынан нағыз ел қорғайтын азаматтар шығатынына сенімдіміз, – дейді ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті өкілі майор Жасұлан Сатыбалдиев.
Қатысушылар алдымен физикалық дайындықтарын көрсетсе, екінші айналымда қатысушылардың әскери-теориялық білімін саралады.
Жас сарбаздар турникке тартылу, жаттығу орнынан кеудені көтеру, әскери эстафета, арқан тарту, пневматикалық мылтықпен ату, АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинау, сондай-ақ 3000 метрге (ұлдар) және 1000 метрге (қыздар) жүгіру бойынша өзара бақ сынады.
Жарыс қортындысы бойынша жүлделі бірінші орын Алтай ауданынан келген “Сұңқар”командасына, екінші орын Өскемен қаласының“Арыстан” құрама командасына, үшінші орын Риддер қаласынан келген “Сұңқар” командасына бұйырды.
Жеңімпаз команда Шығыс Қазақстан облысының намысын “SHYGYS AIBYN-2025”республикалық жарысында қорғайды.