Өскеменде XVIII мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада басталды. Бұл жолғы сайыс Жеңістің 80 жылдығына орай өтіп жатыр. Спорттық сайыс жеңімпаздары маусым айында облыс орталығында өтетін республикалық спартакиадаға қатысатын болады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
XVIII мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өтіп жатыр. Спорттық доданың ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жарыс барысында маусым айында республикалық спартакиадаға қатысатын Шығыс Қазақстан құрамасы анықталатынын атап өтті. Ол дода да Өскеменде өтеді. Сондықтан көрермендер тартысты бәсеке, спорттық рух пен жарқын жеңістерді асыға күтуде.
– Мұндай спорттық іс-шараларға қатысу табандылықты, мақсаткерлікті, жеңіске деген жігерді қалыптастырады. Бұл – кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге жету үшін мемлекеттік қызметшілерге қажетті қасиеттер. Сонымен қатар спорт ұжымшылдық пен бірлікті нығайтады, – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда жұмыс істейтін 1974 мемлекеттік қызметшінің ішінен 950-і, оның ішінде 175 әйел, спартакиадаға қатысады. Олар сегіз спорт түрі бойынша бақ сынайды: футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, үстел теннисі, жүзу, шахмат және садақ ату.