Халықтық спорт ойындары қайта жанданды


ЖАҢАЛЫҚТАР / МАҢЫЗДЫ / АУДАНДАР 19-08-2024, 10:44 0

Ойындардың ресми ашылу рәсімі  Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежінде өтті. 

Ашылу рәсіміндегі дәстүрлі шеруді спорт ардагерлері бастады, одан соң аудан-қалалардан келген командалар кезек-кезек шықты, шеру соңын шығысқазақстандық олимпиадашылар түйіндеді. Олардың қатарында бүгін ғана Өскеменге оралған семсерлесушілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, жеңіл атлеттер Елизавета Матвеева мен Надежда Дубовицкая және құрамадағы ең жас спортшымыз, таеквондошы Батырхан Төлеуғали бар.

12 тамызда басталып кеткен XXII халықтық спорт ойындары екі қалада өтетін болған. 12-16 тамыз аралығында Зайсан қаласында ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар дүбірлеп өткені белгілі. Ал 18-23 тамыз аралығында Өскеменде бұқаралық спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылмақ.

– Құрметті спортшылар, жанкүйерлер! Қадірменді спортсүйер қауым! Сіздерді Шығыс Қазақстан облысының әкімі жүлдесі үшін, Қазақстан Республикасының спорт күніне арналған Халықтық спорт ойындарының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Байырғы заманнан біздің ата-бабаларымыз бірінші байлық денсаулық деп, денсаулыққа көп көңіл бөлген. Ал спорт денсаулықтың бірден-бір кепілі екенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым спортқа үлкен көңіл бөліп, Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар беріп, қадағалап отырады. Өз кезегімізде біздің облысымызда спорт жөнінде үлкен-үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде спортпен 305 мыңнан астам адам шұғылданады. Бұл халықтың 42 пайызы. Спорт ғимараттары жыл сайын салынып, көбеюде. Жақында өткен Париж олимпиадасына 9 спортшымыз қатысты. Бұл – үлкен жетістік. Олимпиаданың басты мақсаты – жеңу емес, қатысу. Біз әрдайым батырларымызға басымызды иіп, жеңістен жеңіске жете беріңіздер демекпіз, – деді ашылу салтанатында облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов.

Бірнеше жылдық үзілістен соң қайта жанданған бұл ойындардың негізгі мақсаты – көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі сияқты дәстүрлі ұлттық спорт түрлерін, сондай-ақ футбол, волейбол сынды ойын спорт түрлерін, жеңіл атлетиканы дамыту.

Жарыстар спорттың 22 түрі бойынша жүргізіледі, ал оған барлық қалалар мен аудандардан 13 команда, шамамен 2 мың спортшы қатысады, ал ұйымдастыру жұмыстарына 500-дей адам тартылған.

Айта кету керек, жарыстар барысында 144 медаль жиынтығы ойнатылады.

Іс-шара аясында Руслан Курбановқа 5 млн, Вадим Шарлаимовке 2,5 млн, Елизавета Матвеева, Надежда Дубовицкая, Батырхан Төлеуғалиға 1 млн теңге көлемінде сыйақылар табысталды. Олардың бапкерлері де сыяпаттан тыс қалмады. Ал талай дүбірлі жарыстарда еліміздің көк байрағын желбіреткен Ольга Рыпаковаға отандық спорттың дамуына қосқан тарихи үлесі үшін темір тұлпардың кілті тарту етілді.


Ержан Әбіш

daryn

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив