Мазасыз маусым таяп келеді. Сондықтан облыс орталығында тасқынға қарсы қызу дайындық жүріп жатыр. Қазір арнайы қызмет өкілдері су бұру жүйелерін тазартып, жағалауларды бекітуде.
Мамандар Безымянный және Овечий ключ жылғаларындағы құбырларды, Красин, Ахмирово, Аблакетка, Шмелев Лог және Сәтпаев даңғылы бойында арықтар мен науаларды тазартты.
Үлбі өзені мен Маховка («Восточник» бау-бақша серіктестігі маңы) және Үлбі (Бабкина Мельница маңы) жағалауы бекітілді. Красин кентіндегі Пушкин, Предгорная, Линейная және Иманов көшелеріне жаңа су өткізгіш құбыр орнатылды. Су басу қаупі бар тұрғын үй аумақтары ерекше бақылауда.
11 мотопомпа (10 тасымалды және 1 тіркемелі), 6000 текше метр құм, 8000 қап құм және 140 тонна дизель отыны әзірленді.
«Қыс-көктем маусымында Аблакетка, Согра, Шмелев Лог кенттері, Проходной, Вешний тұйық көшелері мен Островский көшесінде орналасқан ең осал аймақтарда құбырларды ыстық сумен шаю тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар, арық жүйелері қардан тазартылып, кіші өзендердің арналары тереңдетілуде. Су тасқынының алдын алу шаралары бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылып, қалалық қызметтердің тұрақты бақылауында. Мамандар су бұру жүйелерін, өзен жағалауларын және жылғалардың жағдайын үнемі тексеріп, жедел әрекет етуде», - деп мәлімдеді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.