Өскемен қаласында, қала тұрғындарының сүйікті орны – Арбатта, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Аталған шараға аймақ басшысы, облыстық басқарма өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, жастар ұйымдары, мемлекеттік қызметшілер мен спортшылар қатысты. Мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін жиналған жұртшылықпен бірге орындаудан басталды.
– Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – еліміздің әрбір азаматы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені Елтаңба, Ту және Әнұран – бұл жай ғана мемлекеттің белгілері емес. Олар халқымыздың азаттыққа, бейбітшілік пен өркендеуге деген ұмтылысын, ел тарихының тағылымын бейнелейді.
Бүгінгі күні, мемлекеттік қызметке енді қадам басқан жас қызметшілердің ант қабылдауы да ерекше мағынаға ие. Бұл – жай ғана рәсім емес, мемлекетіміздің рәміздерінің астында, Тудың астында, Елтаңбамен, жүректе Әнұранмен қызмет етуге берілген саналы уәде. Бұл – халық пен Отан алдындағы жеке жауапкершіліктің, мемлекеттік қызметке адалдықтың айғағы. Сенім үдесінен шығатындарыңызға сенемін.
Қазақстанның Туы әрқашан да қуатты, бейбіт әрі біртұтас мемлекетіміздің үстінде желбірей берсін! Елтаңбамыз тұрақтылық пен әділеттіліктің символы болсын! Әнұранымыз әрқайсымызды Отан үшін игі істерге шабыттандырып отырсын, – деп мереке мен ант қабылдау рәсіміне қатысушыларды ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, облыстағы мемлекеттік қызметшілер қатарына қосылды. Ант қабылдаған жас мамандарға қызметтік куәліктер табысталды.