Шығыс Қазақстанда 1 наурызда әскерге шақыру науқаны басталады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Осы науқан аясында 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар ел Президентінің жарлығына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылады.
– Әскерге азаматтарды шақыру – Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жасақтауға бағытталған маңызды процесс. Биыл Шығыс Қазақстан облысынан 1 мыңнан астам жас жігіт шақырылып, олар бүкіл ел аумағында қызмет ететін болады, – деді ШҚО Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Сатбалдиев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.
Медициналық және шақыру комиссиялары облыстың 10 ауданында өз жұмысын бастайды, ал жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылушыларға хабарлау жұмыстарын ұйымдастырады.
Еске сала кетейік, хабарлау тек дәстүрлі шақыру қағаздары арқылы ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды пайдалану – мобильді телефондарға SMS-хабарламалар жіберу арқылы да жүргізіледі.