Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары балабақшаға баратын жолдың нашарлығына шағымданып, Bizdiң Өskemen сайтының редакциясына видео жолдады.
Видеоға қарағанда, жол жаңбырдан кейін езілген.
"Аманжолов көшесінің жағдайы нашар. Жекеменшік балабақшаға ата-аналар балаларын осы жолмен алып келеді. Жолда жаяуды былай қойып, көлікпен жүру қиын", дейді батпақ жолды басып келе жатқан адам.
Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі мәселенің мән-жайын білу үшін Ұлан ауданы әкімдігіне қайырылды. Әкімдік өкілі жолға келесі жылы асфальт төселетінін айтты.
"Бұл жол ауыл шетінде орналасқан. Негізгі мақсаты ауыр жүк көліктері жүруге арналған. Жолды жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттары жасалып, 2025 жылы асфальттау жоспарланған. Видеода көрсетілген жекеменшік балабақшаға баратын асфальттанған жол да бар негізі. Видео ауылдың сырт жағынан түсірілген екен. Асфальт жол көрінбей тұр", деп жазылған ақпаратта.