Әлеуметтік желіде Абай облысы Жарма ауданы Ақжал кенішінде болған оқиға туралы видео тарады. Bizdin Өskemen сайтының редакциясына хабарласқан кәсіпорын жұмысшылары “шахта төбесі опырылды” деп хабарлады. Ал “Қазақмыс” компаниясының баспасөз қызметі мұны “қазба жұмысынан кейінгі жер астындағы бос жерлерді толтыру үшін жасалған жоспарлы жұмыс” деп түсіндірді.
Видеоларда опырылған жерден қашқан адамдар мен ауыр техникалар көрінеді.
“Қазақмыс” компаниясы “барлық қауіпсіздік сақталды” дегенді айтады.
“Жердің астындағы да, үстіндегі де жұмысшылар қауіпсіз жерге шығарылған. Қауіпті аймақ қоршалып, “жол жоқ” деген белгі қойылған. Бос жерді толтыру кезінде осы учаскеге жақын тұрған қызметкерлерге қауіпсіздік техникасын мүлтіксіз сақтау туралы профилактикалық түсіндіру жүргізілді. Шахтаның инфрақұрылымына да зақым келтірілген жоқ. Жұмыс штаттық режимде жүргізіліп жатыр”, деп жазылған кәсіпорынның берген жазбаша жауабында.
Ақпаратқа қарағанда, жер бетінде мөлшері 34х80 м болатын шұңқыр пайда болды, ал тереңдігі шамамен 13-19 метр.