Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысындағы департаменті Өскемен қаласының екі тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Тергеу «Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу» бабы бойынша жүргізілген. Өскемен қаласының №2 соты айыпталушылардың қайтыс болуына байланысты қылмыстық істі тоқтату жөнінде қаулы шығарды.
«Аталған азаматтар 2024 жылы Ресейге шығып, Украина аумағындағы шетелдік қарулы қақтығысқа қатысып, Донецк облысында ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Олардың денелері Өскеменге жеткізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі – «жарылыстар мен жарықшақтардан болған зақымданулар салдарынан жедел массивті қан жоғалту», - делінген хабарламада.