Қос қабатты сауда және ойын-сауық кешені Сәтбаев даңғылының бойында салынып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ірі нысанның ауданы 50 мың шаршы метрге жуықтайды. Мұнда 160-қа жуық сауда орны жұмыс істейді деп жоспарланған. Оған қоса кинотеатр, балаларға арналған ойын алаңы, фуд-корт және сахна болады.
Сауда орталығының жерасты паркингі жоқ. Дегенмен айналасында екі мың орындық автотұрақ болады.
– Сол жағалауға осындай нысан қажет-ақ. Бұл жақта тұрғын үй көп салынып жатқанымен, бос уақытта көңіл көтеретін ойын-сауық орындары өте аз. Инвестор бұл жобаға 14 млрд теңге қаражат салған, құрылыс жұмыстары мамырға дейін аяқталады деп отыр. Бұған біз де қолдау көрсетеміз, – деді Өскемен әкімі Алмат Ақышов.