«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ұсынысымен Катонқарағай ауданы британдық «Wanderlust» журналының Travel Green List - «жасыл» туристік бағыттар тізіміне енді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитеті хабарлады.
«Бұдан бес жыл бұрын Шығыс Қазақстандағы шетсіз-шексіз даласымен, тауларымен, орманымен әйгілі Катонқарағай өңірінің тұрғындары қиын жағдайға тап болды. Қазақстандағы ең үлкен ұлттық парк болғанымен, бұл аудандағы 48 ауылда жұмыс орындары аз болып, туристер көп келе қойған жоқ. Нәтижесінде көптеген тұрғындар жұмыс іздеп қалаларға көшкендіктен, ғасыр басынан бері аудан халқының саны екі есеге азайды», деп жазды журнал редакциясы.
Сонымен қатар, британдық журнал 2019 жылы үш шалғай ауданда, соның ішінде Катонқарағайда өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында құрылған "Ауылды тұрақты дамыту" қорына жоғары баға берді. Атап айтқанда, қонақ үй иелерін оқыту, қонақжайлылық мектебін ашу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жол белгілерін орнату және туристік ақпарат орталықтарын қаржыландыру сияқты бастамаларды атап өтті.
Бұл жобалар Катонқарағай ауданында тұрақты туристік қауымдастықты құруға және келген туристердің жағдайын жақсартуға ықпал еткен.
Естеріңізге сала кетейік, ITB Berlin 2024 халықаралық туристік көрмесі аясында Шығыс Қазақстаннан келген «Катонқарағай тұрақты даму үшін» қоғамдық қоры «Тұрақты туризмнің 100 үздік бағыты» тізіміне еніп, «Гүлденген қауымдастық» санатында жеңімпаз атанған болатын.