4 желтоқсанда Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында «Білім беру» саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсының облыстық кезеңі өткізілді.
"Конкурс мақсаты – педагогикалық мамандықтар және жалпы білім беретін пәндер оқытушысы мамандығының мәртебесін арттыру, конкурсқа қатысушылардың педагогикалық тәжірибесін ұсыну және танымал ету", деді байқау ұйымдастырушылары.
Конкурсқа Өскемен жоғары политехникалық колледжі, № 1 Өскемен колледжі, Риддер колледжі, Зайсан технология колледжі, Өскемен көпсалалы технология колледжі, Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі, Өскемен құрылыс колледжі, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжі, Глубокое аграрлық колледжі, Қазақстан-Американдық еркін университеті жоғарғы колледжінің педагогтері қатысты.
Қатысушылардың жұмыстары халықаралық WorldSkills стандарттарына сәйкес CIS жүйесі арқылы бағаланды. Жиынтық хаттаманың шешімі бойынша облыстық кезеңінің жеңімпаздары, жүлдегерлері және номинанттары марапатталды.
Арнайы пәндер бойынша Өскемен жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Әдемі Дайырбекова, жалпы білім беретін пәндер бойынша Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің оқытушысы Назым Сләмғалиева, педагогика бойынша Қарасұқ педагогикалық колледжінің оқытушысы Александр Александров бірінші орын иеленді. Ал № 1 Өскемен колледжінің оқытушысы Гүлсім Муратбаева "үздік маман" аталымын жеңіп алды.