Шығыс Қазақстаннан барған делегация Қытайдың Қарамай қаласында орналасқан жетекші IT-хабтарды аралап көрді. Бағдарлама аясында делегация мүшелері Қарамай бұлтты есептеу индустриялық паркі, Huawei және China Mobile сияқты ірі технологиялық орталықтардың жұмысымен танысты.
Аталған орталықтар заманауи цифрлық шешімдерді дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізіп, ірі компаниялар мен мемлекеттік құрылымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін деректерді сақтау, қорғау және өңдеудің ең жаңа әдістерін қолдануда.
Экскурсия барысында делегация өкілдері IT-хабтардың инфрақұрылымы мен жұмыс істеу жүйесімен жан-жақты танысып, жетекші мамандармен пікір алмасты және өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Оларға қазіргі таңда қолданыстағы технологиялық шешімдер мен енді енгізіліп жатқан болашақ жобалар ұсынылды.
– Қарамай технопаркіне барған кезде мен мұндағы технологиялардың даму деңгейі мен ауқымына қатты әсерлендім. Парктің бүкіл инфрақұрылымы стартаптар мен ірі компаниялар арасындағы ынтымақтастық пен инновацияларды дамытуға бағытталған. Заманауи зертханалар мен жұмыс кеңістіктері жаңа өнімдер мен идеяларды әзірлеуге тамаша жағдай жасайды. Болашақта бірлесіп жұмыс істеуге үміттімін, – деді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығының жетекшісі Руслан Четтыкбаев.
Делегация мүшелері IT-хабтардың ұйымдастыру деңгейі мен техникалық жабдықталуына жоғары баға беріп, ондағы шешімдерді Шығыс Қазақстан өңірлерінде қолдануға қызығушылық танытты. Олардың айтуынша, мұндай тәжірибе цифрлық трансформацияны дамытуға, интеллектуалдық жүйелерді енгізуге және түрлі салалардағы тиімділікті арттыруға зор мүмкіндік береді.
– IT-паркке, сондай-ақ Huawei мен T-Mobile орталықтарына бару қазіргі технологиялық трендтерді жақсы түсінуге көмектесті. Мұндағы процестердің қалай құрылғанын және қандай шешімдердің нақты жүзеге асырылып жатқанын көру өте қызықты болды. Біз осы тәжірибенің кейбір элементтерін Oskemen Hub жобаларын дамытуда қолдана аламыз деп ойлаймын, – деді Oskemen hub жетекшісі Дидар Мұратұлы.
Осындай халықаралық сапарлар тек білім мен тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы IT және инновация салаларындағы серіктестікті нығайтуға, болашақтағы бірлескен жобаларға негіз қалайды.