Ағымдағы жылы Күршім ауданында жалпы сомасы 1,9 млрд. теңгеге 40,4 шақырым жол (облыстық – 15 шақырым, аудандық – 12 шақырым, көшелер – 13,4 шақырым) жөнделді. Бұл туралы Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде айтты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жыл Шығыс Қазақстанда «Жол жылы» болып жарияланған болатын. Күршімде «Жол жылында» атқарылған жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар «Күршім-Қалжыр-Бурабай» автожолының 15 шақырымына орташа жөндеу жүргізілген.
Елді мекен көшелері де биыл назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Маралды ауылішілік 6,9 шақырым жолға асфальт төселді. Сондай-ақ Құйған (3,8 шақырым), Алғабас (2,0) және Күршім ауылының Достық (0,4), Аңғышпаев (0,4) көшелерінің жолы орташа жөндеуден өткізілген.