Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасын орындау аясында әділет органдарын цифрландыру мәселелері бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ол цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу барлық саланың даму тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы күні кеше іске қосқан суперкомпьютер еліміздегі цифрлық дамудың жаңа парағын ашып отыр. Бұл - Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер, сондай-ақ, аймақтағы ең қуатты есептеп шығару құрылғысы. Оның мүмкіндіктері мемлекеттік органдар, ғылыми институттар, жоғары оқу орындары мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Сондықтан барлық ведомстволар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев саланың цифрлық трансформациясы және жаңа сервистерді енгізу туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, «E-нотариат» жүйесінде 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап «Тараптардың жеке кабинеті» пайда болды. Функция борышкерге атқарушы жазбаға онлайн режимде келісім немесе қарсылық білдіруге мүмкіндік береді. Биометриялық сәйкестендіру және аумақтылықтың сақталуын бақылау қамтамасыз етіледі. Осы сервисті енгізудің арқасында 450 мыңнан астам азамат хабарлама алды, оның ішінде 43 мыңнан астамы қарсылық білдіру мүмкіндігін пайдаланды. Нәтижесінде осы бағыт бойынша шағымдар саны 20%-ға қысқарды.
Премьер-министр әділет органдарының еліміздің құқық жүйесіндегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Құқықтық рәсімдердің ашықтығын, қолжетімділігі мен жеделдігін арттыратын заманауи құралдарсыз тиімді құқық қолдану практикасын жүзеге асыру мүмкін еместігі атап өтілді. Бұл салада цифрлық шешімдерді енгізу Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ерекше маңызға ие.
– Мемлекет басшысы барлық салаларды цифрландырудың тұтас жүйесін құру қажеттігін атап өтті. Үкімет мемлекеттік органдарда жасанды интеллект технологиясын енгізуге кірісті. Бұл жұмыс барлық жерде жүргізілуде. Әділет органдарын цифрландыру – бүгінде құқықтық жүйені реформалаудың негізгі бағыттарының бірі және заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Бізге жедел, ашық және тиімді құқықтық шешімдер қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр цифрлық шешімдерді жүзеге асыру адам игілігіне бағытталған қағидатқа негізделуі тиіс екендігіне назар аударды. Бұл азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдетуге, рәсімдердің ашықтығын арттыруға және азаматтардың құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.