Күршім ауданында келесі жылы ауқымды жобалар қолға алынбақ. Бұл туралы аудан әкімінің орыбасары Мейіржан Әлібеков айтып берді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту және спортты дамыту мақсатында Күршім ауылында 2025 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
- Қазір ауданда 119 спорт нысан, бассейн мен стадион жұмыс істеп тұр. 2025-2026 жылдарға денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отырмыз, - деді Мейіржан Қанатбекұлы.
2025 жылға жоспарланған ауқымды жобалардың бірі – Күршім ауылынан айналма жол салу. Әкімдіктің мәліметінше, айналма жолдың ұзындығы 12 шақырымды құрайды.
- Облыс орталығын Күршіммен, Зайсан және Марқакөл ауданымен байланыстыратын облыстық маңызы бар тас жол Күршім ауылының дәл ортасынан өтеді. Ауылдағы орталық көшемен өтетін ауыр жүк көліктері Күршім ауылын айналып өтуі үшін айналма жол салу жоспарлануда. Ол ауданға кіруден басталып, аудан орталығын айналып өтіп, ескі әуежайда аяқталады, - деді аудан әкімінің орынбасары.