«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге келген 400-ге жуық сарбаз ант қабылдады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Қарулы Күштердің қатарына іліккен жас сарбаздар еліміздің 12 аймағынан жиналған.
Салтанатты жиынға әскерилер, әр өңірден келген ата-аналар, қала тұрғындары мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
– Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сарбаздар мұнда бір ай бұрын келіп, әскери дайындық курсынан өтті. Осы уақыт ішінде олар әскери тәртіппен танысып үлгерді. Бүгін әскери ант қабылдайды. Бір жыл ішінде біз жас жауынгерлерге бар білгенімізді, әскери ұрыс тактикаларын, қару-жарақ ұстауды толық үйрететін боламыз, - деп атап өтті Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімі командирі полковник Азамат Абикенов.
Әскери ант қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиын соңынан жас сарбаздар жиналған қонақтар мен ата-аналарына әскери өмірге бейімделудің алғашқы күндерінде жинақтаған тәжірибелерін, әскери ұрыс тәсілдерін, саптық жүрістерін іс-жүзінде көрсетті.
– Баламның азаматтық парызын орындап, Отан алдында борышын өтегеніне қуаныштымын. Алдағы бір жыл ішінде балам темірдей тәртіпке бағынып, әскери өмірдің қызығы мен қиындығына тез бейімделетініне сенемін, - дейді жас сарбаздың анасы Элмира Дәуренбекова.
Облыс орталығында ант қабылдаған 400-ге жуық сарбаздың жетпіске жуығы шығыс өңірінің тумалары.
– Бүгін Отан алдында ант қабылдадым. Бұл біз үшін тарихи сәт. Ендігі мақсат – антқа адал болып, елге қызмет ету. Салтанатты шара жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын, – деді жас сарбаз Ақжол Түгел.