Бүгін Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының гинекология бөлімшесі күрделі жөндеуден кейін өз жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Аталған мәселе тұрғындар тарапынан бірнеше жылдан бері көтеріліп, «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комиссиясының тұрақты бақылауында болды. Бөлімшені жаңғырту – партияның халық алдындағы уәделерін орындауға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесі. Осы бағытта бірқатар депутаттық сауалдар жолданып, жауапты органдармен бірлескен нақты шаралар қабылданды.
Жөндеу жұмыстарының сәтті аяқталуына «Қазмырыш» компаниясы мен жергілікті атқарушы органдар елеулі үлес қосты. Осындай тиімді әріптестіктің нәтижесінде өңір медицинасының инфрақұрылымы жақсарып, халыққа сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі артып отыр.
– Біздің мақсат – халықтың аманатын орындау. Гинекология бөлімшесінің қайта ашылуы – азаматтар көтерген нақты мәселенің шешілгенінің айқын дәлелі. Біз осы бағыттағы бақылауымызды жалғастыра береміз», – деді ШҚО бойынша Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген.