Кейінгі кездері ақын-жазушылардың өздері мерейтойды көп шығынсыз, ұтымды қылып өткізу керек дегенді айтып келеді. Бірақ олар әлі қандай тиімді жолдары бар екенін таба алмай келеді. Олар ақын-жазушы ғана емес жалпы елге белгілі өнер иелерінің атаулы мерейтойлары ысырапшылдыққа ұласып кетіп жататын жайттар жетерлік дейді. Осы орайда Bizdiң Өskemen сайты бірнеше қаламгердің пікірін топтастырып шықты.
Жазушы Қанат Тілеухан «тойға бір өзгеріс керек» деп жазды Facebook әлеуметтік желісінде.
«Олай дейтінім өткенде баспагер-ақын Асылан Тілеген інімнің өтінішімен кітап жәрмеңкесінде Ұларбек Дәлейұлы, Қанат Әбілқайыр үшеуіміз кітап саттық. Кітап сатудың өз азарты бар екен. Түсте жігіттер түстенеміз деп кеткен. Ал сауданың өтпесі бар ма. Есенағалидың "Құстар-біздің досымыз" деген кітап жайлы сөйлеп кетіп едім. Жұрт жиналып кетті. Есағаңның кітабы қалмай қалды. Содан Тұрсынжан Шапай ағамыздың «Мақтанға мадақ» эссе туралы көсілдім-ау кеп. «Күлкі және көз жасы» деген кітабы өте бастады. Шамамен елу мыңға кітап саттым-ау. Кәдімгідей боп қалады екенсің. Ұлаш, Қанат үшеуімізді іздеп келген оқырмандарымыз әр қайсымыздың да кітабымызды алып жатты. Бір байқағаным қазір оқырман бар екен. Жылда ақын-жазушылардың мерей тойы болып жатады. Айтыс, көкпар, бәйге, күрес болады. Сосын астау-астау ет желінеді. Мысалы Оралхан Бөкейдің әр мерей тойында айтыс болып жатады. Орағаңның осы айтысқа қандай қатысы бар екен деп қоямыз. Сондай тойларға осы неге кітап жәрмеңкесін жасамасқа? Биыл Ілияс Жансүгіров пен Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойы. Ақсу мен Нарынқолдың төріне неге баспагерлерді шақырмасқа? Ақын-жазушылар тойында дүркіреп кітап жәрмеңкесі өтіп жатса қандай жарасымды. Жаңа кітаптар келе бермейтін ауыл халқына да бұл бір пайдалы шара болар еді», деді қаламгер.
Ал журналист, жазушы, «Mecenat» әдеби байқауының тұңғыш жеңімпазы Шархан Қазығұл «бәрі дұрыс, алып-қосарым жоқ» деп жауап берді.
Тағы бір жазушы, философия докторы (PhD) Әсел Омар «бұндай мерейтойлар адамдардың тек ішіп-жеп, ән-би тамашалауы үшін ғана емес, кітаптардың құндылығы насихатталып, мерейтой иесінің шығармашылығы жайлы сын-пікірлер айтылып-жазылса» дейді.
- Мысалы, бір кітап шықты дейік. Көп жерде оны шығарған адамның өзі әлеуметтік желілер арқылы таныстырып жүреді. Ары кетсе бір кітапханада кездесу өткізіп, кітабының жарнамасын жасайды. Жалпы кітаптарды насихаттауға баспалар мен баспасөздер қатысып, сатуға көмектесуі керек. Қатырып жарнамасын жасау керек. Жаңағыдай мерейтойларда, шығармашылық кездесулерде халық сол жарнаманың арқасында кітапты сатып алып, оқуы керек. Бұл, ең алдымен, қаламгердің материалдық жағдайын жақсартып, одан ары қарай өндіре жұмыс істеуіне кепілдік береді. Себебі мемлекет бәріне көмектесе бермейді, тек өзі қалаған қаламгерге ғана көмектеседі. Ал мемлекеттің қолдауы үшін жанын салып жүрген жазушылар жетерлік. Ал өз кітаптарын жазып, мемлекеттен ештеңе алуға ұмтылмайтындар да бар. Меніңше, соңғы санаттағы қаламгерлердің шығармалары өтімді, - деді ол. Айтыскер ақын Серік Құсанбаев бұл сұрақтың өзін көптен бері мазалап жүргенін айтты.
- Әрине, өзгеріс керек, не нәрсеге болмасын. Өзгеріс жоқ жерде, прогресс те болмайды. Біздің қазіргі тірлігіміз сол баяғы мылжың, бірін-бірі жер-көкке сыйғызбай мақтау, шапан жауып, шапалақ ұру, одан қалса табақ-табақ ет жеп, арақ ішу, болды. Бұл өзі сонау сәбет үкіметі кезінен келе жатқан, әбден жауыр боп, жұртты жалықтырған көне дәстүр ғой. Бүкіл қазақ қоғамына өзгеріс керек, - деді ақын.
Әділ Әуезхан