"Миымды шырғалап алғанын кеш түсіндім". Банк қызметкерінің оқиғасы һәм қаржылық сауат туралы


Басты 10-07-2024, 14:07 0

Елімізде алаяқтарға алданып, сан соғып қалғандар жетерлік. Бірі пирамидаға кірсе, бірі оңай ақша көзін табамын деп «акциялар» сатып алған. Мамандардың айтуынша, алаяқтарға алданатындардың көбісі қаржылық сауаттылық туралы мүлдем білмейтіндер немесе қаржылық білімдері аз адамдар.

«Пирамида мен алаяқтарға алданатындар қаржылық сауаттылық туралы білмейді. Қазір халық тез байып кеткісі келеді. Оның барлығы әлеуметтік желідегі табысты оңай қылып көрсетіп, тез әрі жеңіл ақша табу жолын көрсетіп жүрген курстардан. Еліміздің азаматтары еңбекпен аз-аздан үздіксіз табысқа жетуге болатынын ұмытқан. Қаржылық сауаттылық туралы білім ешқайда беріліп жатқан жоқ. Десек те, аз да болсын үйірмелер ашылып жатыр. Өз кезегінде ата-аналар да балаларына ақшаны қалай сақтап, жинау керектігін үйретуі керек», - дейді қаржылық кеңесші Нұртас Иссабек.

Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі 2021 жылы 40%-ға жуықтаған. Қазіргі таңда отбасы бюджетін жүргізудің қажеттілігі, кіріс-шығысты реттеу, халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша оқыту курстары әр өңірде жүргізіліп жатыр. Дегенмен, халықтың қаржылық сауаттылыққа деген ниеті мен қызығушылығы әлі ашылмаған тәрізді. Неге десеңіз, елімізде пирамида мен әртүрлі алаяқтық топтардан зардап шеккендер саны жыл сайын артуда. Сөзіміз жалған болмас үшін, алаяққа алданған қала тұрғынын сөзге тартқан болатынбыз. 

«Миымды шырғалап, басымды айналдырып алдап кетті. Өзім банк қызметкері болсам да, алаяқтардың құрбаны болып қалдым. Мен «криптавалюта арқылы мол табыс табыңыз» деген сөзге арбалдым. Сенбеске амал болмады. Жеке кабинетімді ашып, салған ақшаларымды қарап отыруға мүмкіндік болды. Өздері де менімен күнде байланыста отырды. Мен соңғы рет 2 миллион теңге бердім оларға, кейін көбейгенін көріп, ақшамды шешіп алайын дегенде сылтаулары көбейе бастады. Броккерлік шот ашу керек, сақтандыруға ақша деді, солай ақшамды ала алмай қойдым. Кейін хабарласып едім, компания жабылды деді. Ары-бері ойланып алданғанымды түсіндім. Қазір осындай жағдайлар екінің бірінде бар. Заң тарапынан күшті жаза керек шығар алаяқтарға», - дейді кейіпкеріміз. Ол аты-жөнін көрсетпеуді өтінді.

Маманның айтуынша, қаржылық сауаттылықты арттыру үшін мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында арнайы сабақтар өткізілуі керек. Сонда халық арасында алаяққа арбалып қалғандар да азаяды

Әдемі Амангелді

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив