Шығыс Қазақстанда ұзындығы 256 шақырым болатын 130 қар басып қалатын учаскелер күшейтілген бақылауға алынатын болады. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 10 жылыту пункті мен 15 жол бойындағы бизнес нысандарының жұмысы ұйымдастырылады. Ұлан ауданы Привольное ауылында тәулік бойы 1 трассалық медициналық - құтқару пункті жұмыс істейді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жоспарына сәйкес жеке құрамның 1717 адамы, 686 бірлік техника жұмылдырылады. Оның ішінде 389 қар тазалау техникасы, 181 - инженерлік техника, 30 эвакуациялық техника және 86 жоғары өтімді техника. Жыл сайынғы тәжірибені ескере отырып, бұл техника "Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары", "Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы", "Өскемен – Семей", облыстық маңызы бар жолдарда: "Өскемен – Тарғын – Самар" жолдарда жұмыс істеуге тартылады, - делінген департаменттің баспасөз қызметі хабарламасында.
Облыс аумағында 497 көшкін түсетін аймақтар бар. ШҚ "Қазселденқорғау" ММ филиалы облыстың қызмет көрсетілетін аудандары бойынша қар көшкіні қаупі бар кезеңге уақтылы дайындық мақсатында қар көшкіні маршруттарын әзірледі.
– Суық ауа райының басталу кезеңінде азаматтармен олардың жүріп-тұру жолында болатын жазатайым оқиғалар жиілеп барады. Ауа-райының нашарлауын болжау кезінде біз "Дармен" мобильді қосымшасында SMS-тарату, теле, радиоқабылдау, БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы дауылды ескертулерді халыққа жеткіземіз. Дауыл туралы ескертулерді жариялау кезінде алыс қашықтыққа барудан бас тартуды ұсынамыз. Жүргізушілер жолдардың жай - күйі туралы ақпаратты қадағалап отыруы керек, - дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.