Мемлекеттік зерттеу институты АЭС-ті қолдаушылар санын жариялады, сауалнаманы сынаушылар да бар


ЖАҢАЛЫҚТАР 2-10-2024, 12:14 0

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын қолдаушылар саны артқанын мәлімдеді. Жақында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 72,9%-ы АЭС салу идеясын қолдаған. Сауалнамаға қатысушылардың 22,3%-ы бұл идеяға қарсы екендіктерін білдірген. 

Демократия институты Ғылыми-зерттеу ассоциациясы қоғамдық бірлестігі Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсыры бойынша 13 және 26 қыркүйек аралығында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының 18-ден асқан 1200 азаматы қатысты. 

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, сауалнамаға жауап бергендердің 72,9%-ы АЭС салуды қолдайды. «Қазақстан АЭС салу идеясына көзқарасыңыз қандай?» деген сауалға жауап берушілер қарсы емес екендіктерін білдірген. Ал респонденттердің  22,3%-ы АЭС салуға қарсы, 4,8%-ы сұраққа жауап беруге қиналған.  

Дегенмен мемлекеттік зерттеу орталығының сауалнамасына күдікпен қарайтындар да бар. Солардың бірі - Demoscope қоғамдық пікірді жедел бақылау бюросының жетекшісі Серік Бейсембаев. Оның айтуынша, билік АЭС туралы халықтың пікірін зерттеу үшін тәуелсіз ұйымдарға мүмкіндік бермей отыр. 

– Президент әкімшілігіне қарасты Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты АЭС-ке қатысты сауалнама жариялапты. Оған сенсек, 1 ай ішінде АЭС қолдайтындардың үлесі 53-тен 73% өсіпті. Бірақ, қоғамдық пікірдің дәл осылай өзгеруі мүмкін емес. Қанша жерден ақпараттық компания өткізсеңіз де, аз уақыт ішінде адамдардың ойы тез құбылмайды. Оған қоса АЭС-ке қарсы тараптың позициясы олардың саяси және құндылықтық ұстанымдарымен ұштасқан. Ал бұл оңайлықпен өзгермейтін дүние, - деді Demoscope қоғамдық пікірді жедел бақылау бюросының жетекшісі Серік Бейсембаев.  

Серік Бейсембаевтың айтуынша, соңғы айда АЭС бойынша бірнеше сауалнама жарияланды. Барлығы мемлекетке тікелей немесе жанама түрде қатысы бар ұйымдар өткізген. Тәуелсіз бір де бір сауалнама жоқ. Себебі,  мұндай зерттеу жасау үшін Орталық сайлау комиссиясының рұқсаты керек. Онсыз заң бұзған боласың, үлкен айыппұл салады. Бірнеше адамды тіпті әлеуметтік желіде сауалнама жасағаны үшін мемлекет жазалап та үлгерді.

– Біз Demoscope жобасы аясында сайлау комиссиясына құжат тапсырғанымызға 3 аптадан асты. Әлі жауап жоқ. Референдумге 3 күн қалғанда жауап беретін секілді, себебі қалған уақытта зерттеу жасап үлгермейтінімізді біледі. Осылайша біз секілді тәуелсіз ұйымдарды әдейі шектеп отыр деп ойлаймын. Бұдан кейін қалай ашынбайсың, - дейді Серік Бейсембаев.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив