“Шикі жобаға қарсымыз”. ШҚО-да АЭС құрылысы бойынша талқы өтті


Басты 9-08-2024, 14:57 0

Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті Өскемендегі қоғамдық ұйым өкілдері және белсенді азаматтармен Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылаған жиын өткізді. Жиында азаматтар АЭС салу мәселесіне байланысты пікірлерін ортаға салып, қарсылықтарын да білдірді.
Эколог Роман Честныхтың пікірінше, АЭС салу әлі толық зерттеуден өтпеген. Ол АЭС салуға қандай технологиялар қолданылатыны, тіпті қай аумақ таңдалатыны да нақты белгісіз екенін айтып, жобаны шикі деп сынады. “Билік ойша болжам жасаған мамандардың пікіріне ғана сүйеніп, манипуляция жасап отыр” дейді ол. 
«Референдум өткізу үшін нақты зерттеулер мен талдаулар керек. Халықтың көзін жеткізу үшін, болашақта қандай нәтиже береді, сол туралы мәліметтер керек. АЭС мәселесі дұрыс зерттелмеген, мамандар ойша ғана болжам айтып отыр. Ал үкімет манипуляция жасап отыр. Бұл экологияға ауқымды залал келтірілуі мүмкін. Балқашты алатын болсақ, суы уланып, мүлдем құрып кетуі мүмкін. Онсыз да тартылып бара жатқаны проблема ретінде көтеріліп келеді. Содан кейін Курчатовта мамандар бар деп айтады. Ол Абай облысында орналасқан қала. Ал АЭС Алматы облысына түсуі мүмкін дейік. Сонда мамандар барып келіп жұмыс істей ме? Белгісіз. Өйткені әлі жоспарланаған. Міне, қарапайым ғана осы жағы да есептелмеген. Яғни бұл мәселенің экономикалық жағынан қандай кедергілері бар, қандай тиімділіні бар деген сұраққа жауап жоқ. Электр энергиясына дефицит әрине бар, бірақ оған АЭС қалай көмектеседі? Ғылыми зерттеу жұмыстары болып, нақты кемшіліктері де айтылуы керек. Қазір адамдар АЭС деген не деген сұраққа дұрыс жауап бере алмайды. Ендеше толық ақпарат алмаған халық ішінде референдуи өткізу әділетті ме? Олар қандай тәуекел барын ескермей, ойша ғана таңдау жасай салады ғой», - дейді эколог Роман Честных.
“Байтақ” партиясының ШҚО-дағы өкілі Алмаз Жәкішев АЭС салу идеясын құптағандай сыңайда пікір айтты.
«Референдум халыққа таңдау құқығын береді. Халықтың ойымен де санасып шешім қабылдау керек. Бізде Қазақстанда электр энергиясына дефицит болып жатыр. Қазір көптеген батыс елдері АЭС-ті қолдайды, ал Германия бас тарту керек дейді. Әлемдік пікірді де ескеруіміз керек. Екібастұзда апат болғанын ескерсек, барлығын ойға салып, жағдайларды шешуіміз керек. Экономикалық тұрғыдан АЭС пайдалы, себебі Қазақстан демократиялық дамып келеді. Адам саны көбейіп жатыр, электр энергиясы да соған қарай көп қолданылады. Сондықтан, әртүрлі факторларды да ескеруіміз қажет», - дейді «Байтақ” партиясының ШҚО-дағы өкілі Алмаз Жәкішев.
Ал қоғам белсендісі Серік Ыдырышев жемқорлық мәселесі алға тартып АЭС салуға қарсы болды. 
«Бізде жемқорлық етек алып тұрған заман. Оны қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Менің ойымша, қарапайым халыққа зиянынан басқа пайдасы тимейді оның. АЭС деген маңызды мәселе ғой», - деді ол.
Іс-шараны ұйымдастырған экология департаментінің өкілі жиынға қатысқандардың барлығының пікірі ескеріледі дегенді айтты. Ол алдағы уақытта АЭС мәселесі бойынша көпшілік алдында тағы талқылау өткізу жоспары барын білдірді.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив