V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан күміс және қола медаль жеңіп алған жерлестерімізді шығысқазақстандықтар әуежайдан салтанатты түрде қарсы алды.
Дәстүрлі садақ атудан командалық сайыста күміс жүлдегер атанған Ажар Төлеуқанова мен мас-рестлингтен командалық сайыстың қола жүлдегері Тахмина Қожамбердиеваны туыстары әуежайдан гүл шоқтарымен қарсы алды.
– Көшпенділер ойындарындағы менің басты қарсыластарым - Қырғызстанның спортшылары болды. Бұл ойында қола жүлдеге қол жеткіздім, бірақ келесі ойындарға бұдан да жақсы дайындалып, алтын алуға тырысамын, - дейді Тахмина Қожамбердиева.
Ажар Төлеуқанова Қазақстанның түкпір-түкпірінен дәстүрлі садақ ату жарысына қатысуға лицензия алған спортшыларымыздың бірі.
– Біз қатты дайындалдық. Қазақстаннан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына садақ атудан 10 спортшы ғана іріктелді. Көшпенділер ойынында мен командалық есепте екінші орын алдым. Біздің спортшылар, біздің команда өте жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ осы жолы сәл сәттілік жетіспеді. Бірақ мен еш өкінбеймін, өйткені енді біздің жамбы ату Австрияда дамитын болады, - деді Ажар Төлеуқанова.