Шығыс Қазақстан облысының тумасы Тахмина Қожамбердиева мас-рестлингтен (таяқ тарту) V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері атанды.
Әйелдер арасында 55 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Тахмина Қожамбердиева үшінші орынға таласта Мажарстаннан келген қарсыласын 2:0 есебімен ұтты.
Тахмина Қожамбердиева 2001 жылы дүниеге келген. Ол армрестлингтен Қазақстанның, Азияның және әлем чемпионы, осы спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері және Ұлттық құраманың мүшесі. Бүгінде ол Көшпенділер ойындарында жаңа спорт түрі – мас-рестлингте өнер көрсетті.
Ресей Федерациясының солтүстігіндегі халықтардың ептілікке, күш пен төзімділікке арналған дәстүрлі этникалық жарыстары – таяқ-тарту немесе мас-рестлинг ресми түрде осыдан 12 жыл бұрын ғана спорт түріне айналған.
Қарсыластар бір-біріне қарама-қарсы отырады, аяқтарын оның шетіне қойылған тақтайға тірейді және екеуінің біреуі оны өз жағына қарай тартып қарсыластың қолынан жұлып алу керек.