Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың қаупін азайту мақсатында алдын алу шаралары басталып кетті.
– Биылғы жылы 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында облыстың 13 ауданында 55 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Облыстық бюджеттен 24 іс-шараға, аудандық бюджеттен 31 іс-шараға қаржы қарастырылған. Бүгінде Алтай, Зайсан және Катонқарағай аудандарында су тасқынына қарсы шаралар басталып кетті, - деді ШҚО ақпараттық орталығының қызметкерлері.
Мәселен, Зайсан ауданында Шалқар ауылындағы 1200 метр қорғаныс бөгетінің қалпына келтірілуі, Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Сәтбай елді мекеніндегі су төгуге қарсы бөгет жөнделді.
Катонқарағай ауданында Берел ауылы маңындағы Бұқтырма өзенінің арнасын тереңдету және тазарту жұмыстары аяқталды.
Алтай ауданында Соловьев ауылдық округіне қарасты Маяк ауылындағы Центральная көшесіндегі ұзындығы 800 метрлік арық каналы тазартылды.
– Глубокое ауданында Новоулбинка ауылында Малоубинка өзенінің арнасын реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір аспалы көпір аймағында өзен арнасы тазартылып, тереңдетілді. Тарханка ауылында, Мехнин көшесінде су деңгейінің көтерілу кезеңінде көшені эрозиядан сақтайтын жағалау сызығы күшейтілді. Алтай өңірінде жалпы ұзындығы 5000 метр болатын Вторушка және Маслянская өзендерінің арналары, бұталар тазартылып жатыр. Богатырево ауылында ұзындығы 100 метр бөгет жөнделіп, Березовка өзенінің арнасы тазартылып, Соловьево ауылының ауданында ұзындығы 1000 метр бөгет салынды, - делінген хабарламада.
Барлық шаралар су тасқынының келеңсіз зардаптарын болдырмауға және облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.