ШҚО, Риддер қаласындағы «Синегорье» демалыс базасында 22-24 тамыз аралығында «Жастар ассамблеясы» республикалық жазғы демалыс лагері өтті. Бұл шара еліміздің әр өңірінен белсенділер мен еріктілердің басын қосып, оларға жеке тәжірибе алмасуға және жаңа білім алуға бірегей мүмкіндік берді.
Лагердегі ең жарқын сәттердің бірі - қатысушылардың «ЭТНОGAME» командалық ойыны арқылы бір-бірімен танысуы болды. Қазақстандағы түрлі этностардың дәстүрлеріне негізделген ойын қатысушыларға әр ұлттың дәстүрін жақсырақ түсінуге мүмкіндік берді. Ойын форматы лагерь үшін жаңа болды және қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
- Мұндай шара бұрын бізде болмаған. Ойынның принципі UNO-ға ұқсас, бірақ Қазақстанда тұратын әртүрлі этностардың дәстүрлеріне баса назар аударылады екен. Олардың мәдениетімен жан-жақты таныстық, - деді СҚО «Жастар ассамблеясы» жастар қозғалысының белсендісі Сәлімхан Сәбитов.
Екінші күннің басты оқиғасы - «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Элеонора Столярованың стратегиялық сессиясы болды. Сессия болашақ экономиканы қалыптастырудағы жастардың рөліне арналып, өндіріс, бөлу және тұтынудың маңызды аспектілері қозғалды. Қатысушылар ресурстардың қалай және кімнің пайдасына бөлінетінін, сондай-ақ болашақта теңсіздік пен артықшылықты қалай болдырмау керектігін белсенді түрде талқылады.
Бағдарламаның тағы бір маңызды элементі - табиғат қорғаушы Людмила Евженкованың экологиялық сауаттылық сабағы болды. Онда балалар қоршаған ортаға тигізер зиянын азайтуға болатын қарапайым экологиялық әдеттер туралы білді.
- Бұдан хабары бар жігіттерді көрдім, бұл мені қатты қуантты. Өйткені бірнеше жыл бұрын осындай жаттығулар кезінде «өлі» тыныштық орнаған еді. Жерлестеріміздің экологиялық сауаттылығы артты деуге негіз бар, - деді Людмила Евженкова.
Тренингтер мен шеберлік сабақтары арасында белсенділер «Синегорье» демалыс базасын аралап жүріп, табиғат сұлулығын тамашалауға да мүмкіндік алды, кеш соңында ашық аспан астында қазақ киносын тамашалады.