Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойғанын хабарлады.
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда заңды некеде тұрған азаматтарға ақшалай несие берудің жаңа ережелері күшіне енеді. Енді, қазақстандықтар жұбайының келісімінсіз 3 692 000 теңгеден асатын сомаға кепілсіз және шағын несие рәсімдей алмайды.
– Қаулымен жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК мөлшерінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) бекітілді. Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің тіркелген некесінің (ерлі-зайыптылығының) болуы туралы ақпаратты Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Ақпарат расталған жағдайда және егер кредит сомасы белгіленген шектен асып кетсе, кредитор жұбайының (зайыбының) банктік қарыз немесе микрокредит беруге келісімін алуға міндетті. Келісім еркін жазбаша нысанда банктің бөлімшелерінде немесе МҚҰ филиалында қағаз тасымалдағышта не электрондық нысанда ресімделеді. Егер қарыз алушының жұбайы (зайыбы) кредитордың клиенті болып табылған жағдайда, келісімді кредитордың мобильдік қосымшасы арқылы, өзге жағдайларда – клиенттің жұбайы (зайыбы) биометриялық идентификаттаудан өткен болса, "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы ресімдеуге болады, - дейді агенттік өкілдері.
Түзету болашақта отбасының жалпы бюджетіне теріс әсер етуі мүмкін, ерлі-зайыптының біреуінің келісілмеген кредит алуын болдырмауға бағытталған.
Сондай-ақ заңда қарыз алушының жұбайының (зайыбының) келісімінсіз берілген қарызды кредит берушінің есептен шығару міндеті көзделеді.