Көлік министрі Марат Қарабаев жақында оң рульді такси көліктерін InDriver жүйесінде тіркеуден бас тарту қарастырылған меморандумға InDriver агрегаторымен қол қойғанын хабарлады.
– Оң рульді такси көліктерін жүргізуге тыйым салынады, сондықтан InDriver де, Яндекс те оларды өз қосымшаларында тіркемейді, - деді Марат Қарабаев.
Марат Қарабаевтың айтуынша, келесі жылдың 1 қаңтарына дейін Яндекс пен InDriver түгендеу жүргізіп, оң рульді такси көліктерін анықтап, олардың такси қызметіне рұқсатын шектейді. Дәл осындай шектеулер осыған дейін рулі оң жақта болған, кейін оны сол жаққа ауыстырған көліктерге де қатысты.
– Рулі сол жаққа ауыстырылған оң жақ рульді көліктер бар. Олар азаматтарымыздың денсаулығына және көлік қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан оң рульді көліктерде 13 таңбалы VIN коды бар, ал сол рульді көліктерде 17 таңбалы VIN коды таңбаланған. Бұл тұрғыда такси қызметтері осындай көліктерді анықтап, 1 қаңтардан бастап қызметтен босатады. Мұнымен қоса, Ішкі істер министрлігі жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілердің тізімін ұсынады, және де ол жүргізушілер такси жүйесінен шығарылады, - деді көлік министрі.