Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы ең үздік бейнеролик түсірген республикалық байқаудың жеңімпазы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір күндік жеке мобилографы болады.
Президентінің баспасөз қызметі «Kyran Films» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған бұл байқауға өтініштер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Ал жеңімпаздардың есімдері 9 қыркүйекте белгілі болады.
– Көшпенділер ойындарына арналған ең креативті промо-ролик түсіріп, оны әлеуметтік желілерге, WhatsApp, Telegram-ға #nomadgamesfest хештегімен жариялаңыз. Бұл – сіздің өзіңіздің қабілеттеріңізді көрсетіп, керемет сыйлықтар ұтып алатын мүмкіндігіңіз! - дейді мобилограф Қыран Талапбек.
Жеңімпазға мемлекет басшысының жеке қолтаңбасы бар телефон, миллион теңге табысталады, сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде президенттің жеке мобилографы ретінде бір күн жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Екінші орынға - миллион теңге, үшінші орынға - iPhone 15 Pro Max, төртінші орынға - 500 000 теңге табысталады.
5-15-орындарға – Mobilography box (жарық және микрофондар), 16-20-орындарға – мобилография курсы (онлайн оқу), 21-100-орындарға – жеке мадақтамалар, 101-150-орындарға – арнайы сертификаттар беріледі. Сонымен қатар, бұл сыйлықтардан бөлек 50 орынға TikTok пен Instagram-да 100 мың қаралым жинаған видео үшін - 50 000 тг сыйлыққа беріледі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. 89 елден 2000-ға жуық қатысушы қатысады.