Абай болыңыз: қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертіледі


ЖАҢАЛЫҚТАР 19-08-2024, 13:27 0

Aqparatsaqsysy Telegram-арнасындағы мәлімет бойынша, қазақстандықтарға сумен жабдықтау компанияларының жалған қызметкерлері қоңырау шала бастаған.

Бұл жайлы оқиғаға тап болғандардың бірі айтқан.

"Алаяқтар сумен жабдықтау компаниялары атынан ұялы телефонға қоңырау шалып, есептегіштерді тексеру керектігін айтады. Немесе бірден суық және ыстық су есептегіштерінің қызмет ету мерзімі аяқталғанын, сондықтан оларды жаңаларына ауыстыру керектігін жеткізеді. Көптеген адамдар есептегіштерді қашан өзгерту керектігін білмейді, ал кейбіреулерінде бұл мерзімдер шынымен жақын болуы мүмкін. Осылайша, сіздің жеке мәліметтеріңіз арқылы, сіз туралы көптеген ақпараттар біле алады", – деп жазады жазба авторлары.

Сондай-ақ, алаяқтар пошта жәшіктеріне өздерінің байланыс деректерін қалдыра отырып, есептегіштерді тексеру немесе ауыстыру қажеттілігі туралы парақшаларды таратады. Осы әдіспен өздеріне клиент жинайды.

"Есептегіштерді тексеруден немесе ауыстырудан бас тартқан жағдайда, алаяқтар коммуналдық шығындар үшін төлемдердің айтарлықтай өсуімен қорқытады. Кейде олар заңдарда көрсетілмеген айыппұлдар туралы да айтады",- деп жалғастырды авторлар.

Мұндай әрекеттер келесі салдарға әкелуі мүмкін:

- заңды күші жоқ қызметтерді тексеру үшін төлейді;

- есептегіштеріңізді өшіре алады (мысалы, магниттің көмегімен) және жаңаларын қымбат бағамен орнатуды ұсынады.

Сондай-ақ, алаяқтар сіздің құбырыңыздағы судың сапасын тексеріп, оның ластанғанын және денсаулыққа қауіпті екенін хабарлауы мүмкін. Содан кейін олар қымбат сүзгілерді сатып алуға көндіре бастайды, ал шын мәнінде олар өте арзан.

Мұндай оқиға құрбаны болмау үшін есептегіштің төлқұжатын зерттеп, оның қызмет ету мерзімін және тексерулерін табыңыз. Туындаған мәселе бойынша сумен жабдықтау компаниясына қоңырау шалыңыз және нақтылаңыз. Есептегіштерді тексеру және ауыстыру қызметтері алаяқтардыкыне қарағанда арзанырақ.


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив