AMANAT партиясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акцияны әр бейсенбі сайын ұйымдастырып келеді.Бұл жолы саяси ұйым мүшелері “Ақбауыр” тарихи-археологиялық кешенінің аумағына барды.
Ақбауыр – Шығыс Қазақстан тарихының қазынасы. Кешен аумағында қорғалатын әр дәуірдің ескерткіштері бар.
«Таза бейсенбі» – АМАНАТ партиясының бастамасымен қолға алынған акция. Бүгінгі таңда бұл он екінші барған жер. Алғашқы үш күнде бақылау тобымыз анықтаған ең ластанған аумақтарды тазалап шықтық. Тазалыққа партия мүшелері, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті тұрғындар, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері қатысуда», - деді AMANAT
партиясының ШҚО- дағы жауапты хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Киелі орын аумағын тазалауға 70-ке жуық адам қатысты. Жалпы акция басталғалы 10 мыңға жуық адам қатысып, 8 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
AMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы Қорлан Тоғамбаева аталмыш акция аясында киелі жерлерді, оның ішінде мәдени мұра ескерткіштерін, кесенелерді, табиғи ландшафттарды және т.б. тазалыққа көп көңіл бөлінетінін айтты.
– Осы тарихи кешеннен бастағанымыз өте дұрыс болды. Мұнда тазалыққа ерекше мән беріледі, өйткені Ақбауырға тек қандастарымыз ғана емес, шетелдік туристер де келеді. Бұл жер таза әрі әдемі болса, туристер де жақсы әсерде қалады, - дейді археолог, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев.
Акцияға Ұлан ауданындағы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының балалары да қатысты.
– Аудан бойынша «Жасыл елде» 32 адам жұмыс істейді, олардың барлығы қазір осында жүр. Акцияны апта сайын өткіземіз, бүгін жоспар бойынша Ақбауыр, келесі апталарда Сібе және Дубығалы көлдеріне барамыз, - дейді Ұлан аудандық жастар ресурстық орталығының әдіскері Бауыржан Бейғалиев.
“Таза бейсенбі” акциясыға қатысушылар Шығыс Қазақстан – табиғаты мен сұлулығымен әйгілі өңір, сондықтан мұндай акцияларды жиі өткізіп тұру керектігін айтты. Олар Ақбауыр сынды жерлерде тазалық пен тәртіпті сақтау бірегей табиғи және мәдени нысандарды қорғауға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен өңір қонақтарының экологиялық санасын дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Бұл жұмыс аймақтың өзге аудандарында да жалғасады. Өзен-көлдердің жағалаулары тазартылып, қала көшелерін көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.