Елімізде табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға орай өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясына күршімдіктер де белсене атсалысуда.
Қоршаған ортаны, туған жерді, тұрған жерді таза ұстау- бүгінгі ұрпақтың борышы. Тек ауыл, қала ішінің ғана емес, ежелгі тарихи-мәдени ескертікштер айналасының, табиғи туристік нысандардың көркімен көз тартып таза тұрғаны да ұлттың рухани байлығын көрсетеді.
18 шілде күні Күршім ауданының жастары қолдарына қап, тырмауыш алып Бұқтырма бойында салынып жатқан жаңа көпірдің кіреберісін қурай шөптерден тазалап, қоқыс қалдықтарынан арылтты. Ертістің үстінен бой көтеріп келе жатқан бұл көпірдің күршімдіктер үшін маңызын айтпасақ та түсінікті.
Күршім ауданы әкімдігінің жастар ресурстық орталығы мен «Аманат» партиясының аудандық филиалы ұйымдастырған кезекті «Таза бейсенбі» науқанында ауыл жастары Ертістің жағалауын, жаңа көпірге апаратын кірме жолды айнадай етіп тазартып шықты.
Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал, тап –таза жағалау, мен көгалды саябақтар, көрікті жолдар - елдің айнасы.
Бір апта бұрын Күршім ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза ауыл» экологиялық акциясы өткен болатын. Экологиялық акцияда Күршім ауылының, өзен жағалаулары мен көшелерін тазалауға мемлекеттік мекеме, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері, жергілікті тұрғындар, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары, Жастар ресурстық орталығының еріктілері, мемлекеттік қызметкерлер қатысқан еді. Шара аясында ауылдың іші мен айналасынан 500 келіге жуық қоқыс шығарылды.
-Тәрбие отбасынан басталады.Үрпақтың тазалыққа жаны жақын болуы үйдегі тәрбиеге байланысты. Біздің Күршім ауданының жастары көктемнен бері ауылдарды қоқыстан тазартуға белсене қатысып келеді. Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл акция тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың, жастардың басын біріктіретін рухани маңызы бар шара, - дейді Күршім ауданы әкімдігі Жастар ресурстық орталығының директоры Шыңғыс Алимбеков.
Сондай-ақ Ертіс жағасындағы Құйған ауылдық округі аумағында қонақ үйлер салынып, киіз үйлер тігіліп демалушылар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалып жатыр.
- "Таза бейсенбі " акциясы аясында ауыл тұрғындары,кәсіпкерлер осы туристік нысандар маңында да қоқыстан тазартыл,көріктендіріп жатыр,- дейді Құйған ауылдық округінің әкімі Мұхаметкәрім Құсайынов.