Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны WhatsApp мессенджерінде көп мөлшерде қант пен күнбағыс майын тиімді бағамен сатып алуға көмектесетіні туралы хабарландыру таратқан. Кәсіпкерлер қантқа 50-ден 1500 қапқа дейін, күнбағыс майына 20-дан 200 бөтелкеге дейін тапсырыс бергенімен, тапсырыс берген тауарлары белгіленген уақытта жеткізілмеген және ақшасы да қайтарылмаған.
Алаяқ өз әрекетімен 25 жәбірленушіге жалпы сомасы 60 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірген. Сот оны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды.
- Қазіргі уақытта сотталушы Абай ауданындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр, жұмысқа орналасқан, жәбірленушілерге жалақысынан қарыздарын өтеп жатыр. Істеген ісіне өкінеді, кәмелетке толмаған үш баласын сағынып жүр, - деді тәрбие бөлімінің басшысы Ақмарал Қайранова.