Облыс әкімі Ермек Көшербаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жас офицерлерімен кездесті.
Жиынға Алматыдағы ҰҚК Шекара академиясын және Ресейдің әскери оқу орындарын бітірген қырыққа жуық жас офицер қатысты. Өңір басшысы «шекарашы» мамандығының мәртебелі және өте жауапты екенін атап өтіп, офицерлер өз міндеттерін атқарып, мемлекеттік шекараны абыроймен күзететініне сенім білдірді.
– Шекара қызметі қашанда бөлек. Мен Зайсан ауданындағы шекара бөлімінде, сондай-ақ Төсқайың, Ақжоң шекара заставаларында болдым. Қандай қиын жағдайда жұмыс істеу керек екенін өз көзіммен көрдім. Аязда да, аптап ыстықта да шекараны күзету оңай емес. Сіздер жас сарбаздармен жұмыс істейтін боласыздар. Бұл да – үлкен жауапкершілік. Оларды тәрбиелеп, әскери қызметтің қыр-сырымен таныстырып, елге аман-есен шығарып салу міндеті тағы бар. Сіздерді мемлекеттік шекараны абыроймен қорғайды деп сенемін, - деді облыс әкімі.
Әскери салада 9 жылдан бері қызмет етіп жүрген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ШҚО бойынша департаменті кадрлар бөлімінің офицері лейтенант Айжан Жағыпарова жиында Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовадан үлгі алып, туған елінің игілігі үшін қызмет етуге дайын екенін айтты.
– Кең байтақ жерімізді сақтап қалу үшін және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз. Жергілікті халықпен де тығыз қарым-қатынаста боламыз, – дейді ҰҚК Шекара академиясының түлегі, лейтенант Ерсұлтан Бахарам.
Облыс әкімі шекаралас аймақтар тұрғындарының да ел шекарасын қорғауға өлшеусіз үлес қосып отырғанын атап өтті. Бүгінде жаңадан құрылған Тарбағатай, Марқакөл, Катонқарағай аудандарында халық санын көбейту, тұрмыстық жағдайды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Кездесу соңында ҰҚК Шекара қызметі ШҚО бойынша департаментінің бастығы, полковник Серік Рахимов облыс басшылығына ТМД елдері аумағындағы ең көне шекара құрылымдарының бірі Зайсан шекара басқармасының 100 жылдық мерейтойын өткізуге көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.