2025 жылғы 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында Зайсан-Ертіс бассейнінде көктемгі уылдырық шашу кезеңінде балық қорларын қорғауға бағытталған «Уылдырық шашу – 2025» акциясы өткізілді. Маусымға орай рейдтік іс-шаралар барысында 117 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Осы маңызды кезеңде Зайсан-Ертіс өңіраралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері су айдындарында бақылауды күшейтіп, балықты заңсыз аулаудың алдын алуға және олардың табиғи мекен ету ортасын сақтауға күш салған.
– Рейдтік іс-шаралар барысында 117 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 92-сі – заңсыз балық аулау, 24-і – кеме қозғалысы ережелерін бұзу, 2 жағдай – су айдындарын ластау, 1 жағдай – балықты заңсыз тасымалдау дерегі болды. Тәркіленген заттар қатарында 133 бірлік балық аулау құралдары мен көлік құралдары бар, оның ішінде 130 ау және 3 жүзу құралы. Тәркіленген балықтың жалпы салмағы 44 кг. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы – 2 422 000 теңге. Балық қорына келтірілген залал – 127 000 теңге, – деп баяндады Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысының орынбасары Фархат Байбазаров.
Жыл басынан бері инспекция 656 рейд жүргізіп, 444 әкімшілік іс тіркеген. Жалпы сомасы 10 миллион теңгеге айыппұл салынып, оның 9 миллионы өндірілген. 1 336 кг-нан астам заңсыз ауланған балық және 973 бірлік аулау құралдары, соның ішінде ау, қармақ, қайық пен моторлар тәркіленген.
Сонымен қатар, 1–31 мамыр аралығында жыл сайынғы «Таза су айдындары» экологиялық науқаны да өткен. Науқанның мақсаты – балық шаруашылығы су айдындарын қоқыстан және иесіз қалқымалы аулардан тазарту. Бұл шара барысында 33,5 тонна қоқыс жиналып, 116 балық аулау ауы судан шығарылып, жойылған.