Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінде өзгерістер болатынын хабарлады.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді құрастыратын 300 маманды дайындадық. Мамандар мықты деген тестілеу орталықтарына барып, оқудан өтті. Енді ҰБТ сұрақтарын басқаша дайындайтын боламыз, жұмыс басталып кетті. ҰБТ-ға қатысты кез келген өзгеріс бірден әбігерге түсетін мәселе. Сондықтан оны бірден ауыстыру мүмкін емес. Реформаны кезең-кезеңімен, 3-4 жыл ішінде жүргізу керек. Бірінші кезеңде сұрақтардың сапасы өзгереді. Бала ҰБТ-ны қай уақытта, қай жерде тапсыратынын өзі таңдауы керек. Егер ұлттық бірыңғай тестілеуден алған баға қанағаттанарлықсыз болса, қайта тапсыра алады. Тест тапсырушы өзіне қажетті баға алғанша өтініш бере алады, - деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, биыл 11 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырған.
– Негізінде, біз жоғары оқу орындары талапкерлер үшін тестілеуді өздері ұйымдастырып, өздері қабылдайтын үлгіге көшуіміз керек. Мысалы, шетелдегі университеттер студенттерін өздері таңдайды, - дейді Ғылым және жоғары білім министрі.
Сондай-ақ басқарма басшысы ҰБТ-ға қатысты жаңа реформа ашық әрі кеңінен түсіндірілетінін айтты.