Катонқарағай ауданында заманауи спорт алаңының ашылу салтанаты өтті. Бұл нысанды шекаралық ауданға "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры сыйға тартып отыр.
2023 жылғы 11 шілдеде "Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы" қоғамдық қоры "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қайырымдылық жобасына қатысуға өтінім берген болатын. Жоба негізінен халықтың денсаулығы мен дене дамуын нығайту үшін жағдай жасау, қала мен ауыл арасындағы спорттық инфрақұрылымдағы алшақтықты азайтуға және халықты спортпен шұғылдануға тартуды мақсат етеді. Жалпы құны 55 989 399 теңгені құрайды. Мердігер - "T&T VOSTOK" ЖШС.
1,6 мың шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа спорт алаңы енді Катонқарағай тұрғындарының игілігіне берілді. Оның ішінде жасанды көгалы бар 40х20 м футбол алаңы, 24х16 м баскетбол-волейбол алаңы, көлемі 16х16 м workout аймағы бар.Соңғы техникамен жабдықталған алаңда спортпен шұғылдану үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Жан-жағы толықтай қоршалғандықтан, қауіпсіздік талаптары да сақталған.
Шекара маңындағы ауылдарды бос қалдырмау – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар, жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселе. Осыған орай Аманат партиясы шекаралық аудандарды дамыту мәселелерін үнемі көтеріп жүр. Оның белсенді мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Саиров Ерлан Бияхметұлы, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Сатыбалдин Ерболат Жалғасбайұлы және Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Назарбайұлышараның құрметті қонағы болды. Сондай-ақ, "Samruk-Kazyna Trust"әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас менеджері Алуа Ерлан да қатысты.
«Осыдан екі жыл бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шекаралық аудандарды ашу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Осы аудандарды ашып қана қоймай, сонымен бірге аудан халқының әлеуетін арттыру, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету өте маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан «Amanat» партиясының басшылығы «Samruk-Kazyna Trust» қорына тапсырма беріп, шекаралық аудандардың спорттық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мәселелер шешіліп жатыр. Дәл осындай спорттық алаңдар басқа шекаралық аудандарда да ашылатын болады. Бүгінгі шара Катонқарағайдың әлеуметтік-экономикалық дамуының басы деуіміз керек. Өйткені осыдан кейін ауданға мемлекеттік, жеке инвестиция келіп, алдағы уақытта аудан гүлденіп, әлеуеті зор болады деп кәміл сенеміз» , - деді Ерлан Саиров.
«Сіздерді бүгінгі ашылу салтанатымен құттықтаймын! Футболды дамытуға үлес қосып жүрген, халыққа жанашыр азаматтарға алғысым шексіз. Қазақстан футбол федерациясының міндеті –дарынды балаларды әлем аренасына шығару. Осы өңірден қазақ футболын дамытатын жастар мен жасөспірімдер шығады деп сенемін», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Назарбайұлы.
Жаңа спорт алаңы жастар мен ересектер үшін негізгі орталыққа айналмақ. Өйткені ол жергілікті тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына және дене шынықтыру шараларына белсене қатысуына оң ықпал етеді.