Зайсан ауданы Дайыр ауылында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге арналған «Исабек ата» иппотерапия, ат спорты және оңалту орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жобаның бастамашысы және орталықтың негізін қалаушы өмірін адамдарға көмектесуге арнаған, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға тырысқан Мирбану Андырбаева болды.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, орталықтың ашылуы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жаңа мүмкіндіктер мен сенімділік әкеліп, олардың өмірін жақсартуға септігін тигізеді.
Иппотерапия (ат терапиясы) – денсаулыққа пайдалы ерекше әдіс. Ол физикалық дайындықты жақсартып қана қоймай, психологиялық, эмоционалдық және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Терапияның бұл әдісімен айналысатын адамдар денсаулығының жақсарғанын және өмірдегі күш-қуаттың жоғарылауын сезінеді.
Естеріңізге сала кетейік, Мирбану Андырбаева-Зайсан ауданының Дайыр ауылының тумасы, білімі бойынша медицина қызметкері, елордада ұзақ уақыт тұрып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін игі істер жасау және өзінің кіші отанында тұрғындарға пайда келтіру деген арманын жүзеге асыру үшін туған ауылына оралды. Ол ғимаратты сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді, жабдықтар әкелді. Оның балалар мен ересектерге арналған оңалту орталығында массаж, жаттығу терапиясы, физиотерапия бар.