Шығыстағы шағын қалаларда "Отбасы банктен" ипотека алуға болады


ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 31-07-2024, 16:13 0

Отбасы банк пен облыстық әкімдік екі жақты меморандумға қол қойды. Меморандум мақсаты - шағын қалаларға қолдау көрсету, халық санын арттыру. 

Айта кету керек, «Отбасы банкі» мен Шығыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы бірлесіп, өңіріміздегі шағын қалалардың тұрғындары үшін жеңілдетілген ипотека жобасын әзірлеген болатын. Бағдарлама шағын қалаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы білікті кадрларды тарту мақсатында құрылған.

"Бағдарламаның өзі үлкен жетістіктер көрсетті. Негізгі жалпы бөлінген қаржы 300 млн көлемінде. Қазірдің өзінде Өскемендегі, Риддердегі, Алтайдағы жылу электр станцияларға 18 заем беріп үлгердік. Бұл сол аумақта тұратын әртүрлі маңызы бар мамандық иелері үшін тамаша мүмкіндік.  Бағдарламаның аясында ірі кәсіпорындарға да қолдау көрсете аламыз.", - деді "Отбасы банк" ШҚО филиалының директоры Аккулова Назигул.

Осы апта "Отбасы банк аптасы" болып жарияланған. Соған орай банк мамандары Зайсан, Тарбағатай аудандарына барып ақпараттандыру жұмыстарын жүргізген. Директор айтуынша, бұл меморандум облыс үшін маңызды. Осы арқылы облыстың моноқалалары дамиды деді ол.

"Біз"отбасы банк аптасы" аясында бірнеше аудандарға бардық. Атап айтсақ, Зайсан мен Тарбағатай. Жалпы бағдарламаға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 1 млрд теңгені әкімдік бөлсе, 1 млрд теңгені "Отбасы банк" бөледі. Бұл бағдарлама мен қазір қол қойылатын меморандумның маңызы зор. Біз осы арқылы шағын қалалар мен облысымызды тұтастай дамыта аламыз. Сонымен қатар жетістіктерімізді сақтап, кеңістігімізді ашамыз",- деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, "Отбасы Банк" АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. ТҚЖ жүйесі салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тарту және оларға тұрғын үй заемдарын беру арқылы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Банктің негізгі мақсаты – екінші деңгейдегі банктерден ипотекa несие алу кезінде бастапқы жарналарды төлеу үшін жеткілікті қаражаты жоқ, бірақ жеткілікті тұрақты табысы бар азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қарыз алуын қаржыландыру мақсатымен жеке жинақ қаражатын қорландыру негізінде тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімге қаржыландыру. Жарғылық капиталы 1,5 млрд. теңге. 2003 жылдың 29 қыркүйегінен бері 1,05 мың салымшы тартылды. Банк тартқан тұрғын үй құрылысы жинақ қаражаты бойынша жалпы келісімшарт сомасы 900 млн. теңгеге жуық.

Аталған банк осы уақытқа дейін көптеген азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етіп келеді. Оған қоса арнайы бағдарламалары да бар. Мәселен, "Асыл мекен", "Бақытты отбасы", "Шаңырақ". Бағдарламалар арқылы баспаналы болып, мерейі үстем болғандар көп.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив