«Отбасы банкі» мен Шығыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы бірлесіп, өңіріміздегі шағын қалалардың тұрғындары үшін жеңілдетілген ипотека жобасын әзірледі. Бағдарлама шағын қалаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы білікті кадрларды тарту мақсатында құрылған.
Қазақстандағы ішкі көші-қон көп жағдайда қазіргі адамдардың шағын қалаларда тұрғысы келмейтіндігімен байланысты. Себебі, жұмыс көбінесе үлкен қала кәсіпорындарында ғана болады. Одан бөлек мәдени шаралар аз. Мұғалімдер мен дәрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ, университет түлектері шет жаққа барғысы келмей, үлкен қалаларда өз орнын табуға бар күш-жігерін салып жатады.
ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, бүгінде облысымыздың шағын қалаларында пәтер кезегінде барлығы 5 411 адам тұр. Ең көп кезек Зайсан ауданында – 1668 адам. Екінші орында 1583 адаммен Риддер қаласы. Алтай 1400 адаммен үшінші орында, ал Шемонаиха ауданында 760 адам пәтер кезегінде тұр.
Осы кезектің ішінде тек 196 адамның ғана банктік шоты бар, ал 173-інде жинақ ақшасы бар. Бұл адамдардың барлығы – елді мекендердің қалыпты жұмыс істеуі үшін маңызды рөл атқаратын адамдар. Атап айтсақ, мұғалімдер, дәрігерлер, төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, т.б. Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, Риддер, Алтай, Зайсан, Серебрянск және Шемонаиха қалаларында аталған мамандықтар бойынша барлығы 409 маман жетіспейді. Аймақ билігінің айтуынша, шағын қалаға келу үшін қолжетімді баспана алу мүмкіндігі болуы керек.
«Банк биылғы жылы паритетті негізде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға бір миллиард теңге бөлуге дайын. Сондай-ақ бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен бір миллиард теңге қарастыру қажет. Бұл кезекті қысқартуға, түрлі сала мамандарын баспанамен қамтамасыз етуге, шағын қалалардағы халықтың кетуін азайтуға мүмкіндік береді», - дейді Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев.