Бектенов: «Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады»


ЖАҢАЛЫҚТАР 30-07-2024, 09:29 0

Үкімет басшысы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту критерийі бойынша әкімдердің нақты жұмысына KPI енгізуді тапсырды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» платформасы негізінде шұғыл және дағдарыс деңгейінен қанағаттанарлық және бақуатты деңгейге дейінгі бес санат бойынша барлық қазақстандық отбасының әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізіледі.
Отбасылардың қанағаттанарлықсыз санаттан жақсаруға көшу динамикасына және керісінше көрсеткішке байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бағаланады. Бүгінгі таңда Отбасының цифрлық картасының қазіргі нәтижелерін БҰҰ мен жетекші халықаралық институттар оң бағалады.
Үкімет басшысы өңір әкімдеріне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп әр отбасымен жеке жұмыс жүргізуді әрі «дағдарыс» және «шұғыл» санаттардағы отбасыларды жыл соңына дейін 31,2 мың отбасына дейін қысқартуды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – еліміздегі өмір сүру сапасын жақсарту. Тетік бар, мемлекеттік қолдау шаралары жұмыс істейді, мемлекет қажетті қаражатты бөледі. Біз әкімдердің адамдардың әл-ауқатын жақсартуға қосқан үлесін нақты бағалау критерийіне көшеміз. Индикаторлардың орындалу мониторингі тұрақты болады. Біз онлайн режимінде динамиканы көріп, қорытынды жасаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Айта кету керек, «Отбасының цифрлық картасы» – мемлекеттік кепілдіктер бойынша дербестендірілген отбасының базасы. Ол 2022 жылы іске қосылған. Әрбір отбасының құрамы мен әл-ауқат деңгейіне қарай мемлекеттік кепілдік түрлерін алу құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив