Директорлар жұмысы тек ҰБТ нәтижесімен бағаланбайды – ШҚО әкімі

ЖАҢАЛЫҚТАР 25-02-2025, 17:44 0

Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі білім беру саласында қордаланған мәселелер бар екенін атап өтіп, басқарма басшылығын жұмысты тиімді ұйымдастыруға шақырды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Облыс әкімдігінде «Әр балаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық есептің өңірлік жол картасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. 

Білім басқармасының мәлімдеуінше, өткен жылы өңірде 1970 балабақша орны ашылған. Биыл тағы 1499 орын қосу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 127 орын дайын. 

Алайда облыста балабақша кезегінде тұрған балалар саны әлдеқайда көп – 2-3 жас аралығында шамамен 2000 бала бар.

– Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін біз «Балабақша» цифрлық платформасын енгізіп жатырмыз, онда балаларды тіркеп, кезекке қоюға болады. Сондай-ақ білім беру үдерісіне баланың цифрлық даму картасы енгізілді. Педагогтерді даярлау үшін 10 біліктілік орталығы ашылды. Наурыз айында Өскеменде ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске қосамыз, – деді білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Облыста барлығы 343 мектеп бар, олардың басым бөлігі шағын жинақты. Апаттық немесе үш ауысымды мектептер жоқ, бірақ орын тапшылығы 6 мыңнан асады. 2024 жылы Өскеменде 600 орындық жаңа мектеп ашылды, биыл тағы 500 орындық екі мектеп салынбақ. Сонымен қатар 2100 орынға арналған бес жайлы мектептің құрылысы аяқталды, ал 900 орындық екі мектептің құрылысы жалғасуда.

Мектеп инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. 50 мектепте асханалар, кітапханалар мен оқу кабинеттері жөнделді. Барлық мектептер интернетке қосылған, ал 109 мектеп «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне енгізілмек. Бұл бастама аз қамтылған отбасыларға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді.

2023-2024 оқу жылында білім беру саласына демеушілерден 2,6 млрд теңге тартылды. Биыл өңірдегі 21 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, мектептерді жаңартуға шамамен 5 млрд теңге қажет.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 2024 жылдың қыркүйегінен бастап өңір мектептерінде «Болашақ мамандары» бейінді оқыту орталықтары ашыла бастайды. Бұл орталықтар әр ауданның кадрлық қажеттіліктеріне сай құрылмақ.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі білім беру саласында қордаланған мәселелер бар екенін атап өтіп, басқарма басшылығын жұмысты тиімді ұйымдастыруға шақырды. Сонымен қатар, мектептердегі тәртіп мәселесін де назардан тыс қалдырмау керектігін айтты.

– Директорлардың жұмыс тиімділігі тек ҰБТ нәтижелері бойынша ғана емес,  балалардың қаншалықты ұйымшыл және тәртіпті екендігіне қарай да бағаланады. Егер бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге мән бермесек, лайықты ұрпақ тәрбиелеу туралы айту қиын, – деді облыс әкімі.

Тағы бір өзекті мәселе – инклюзивті білім беруді дамыту. Өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар 12 мыңнан астам бала тұрады. Оларға 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығы мен 5 арнайы балабақша қызмет көрсетуде. Сонымен қатар 9 ауданда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылған. 2025 жылы Катонқарағай және Марқакөл аудандарында осындай жаңа кабинеттер ашу жоспарланып отыр.


 

 

 

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив