ШҚО әкімі: - Кеңес заманынан бері тұрған датчиктерді ауыстыру керек

ЖАҢАЛЫҚТАР 26-02-2025, 10:07 0

Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов кеңес заманынан бері жұмыс істеп тұрған Қазгидромет датчиктерін ауыстырып, бірыңғай мониторинг жүйесі жасауды тапсырды.

Облыс әкімдігінде «Өскемен тынысы» экологиялық бюросы, бейінді басқармалар мен департамент өкілдері қатысқан жиын өтті. Жиында Өскемен экологиясына қатысты бірқатар мәселе қаралды.

«Өскемен тынысы» бюросының өкілдері ауаның ластану мөлшерін нақты көрсететін датчиктер орнатылуы тиіс орындарды анықтап, картасын жасаған.

– Кеңес заманынан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазгидромет датчиктерін ауыстырып, оларды бірыңғай мониторинг жүйесіне біріктіру қажет, мұны цифрландыру және мұрағаттар басқармасы жүзеге асыруы тиіс. Сонда ғана біз жағдайды толық түсініп, көре аламыз, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Өңір басшысы ауаның ластануына кәсіпорындар ғана емес, қоғамдық көліктер мен жер үйлер де әсер ететінін айтты. Облыс әкімі автобустарды экологиялық таза отын түріне – газға немесе электр энергиясына кезең-кезеңімен көшіру бағдарламасын жасауды тапсырды.

Жер үйлерді жылу көзіне қосу үшін блокты-модульді қазандықтарды орнату немесе профициті бар жылу көздеріне қосу мәселесі қаралады.



Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив