Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшылардың зейнетақы қорындағы жинақты ерте шешіп алуды тоқтату туралы ұсынысын қарастырмақ.
Сарапшылар Болат Жәмішев пен Григорий Марченконың айтуынша, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын ерте шешіп алу арқылы өз активтерін азайтып, зейнет жасында жеткілікті төлемсіз қалады.
Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Светлана Жақыпова пікір білдірді.
«Біз бұл ұсынысты қарастырып, қолдаймыз. Зейнетақы жүйесі үш деңгейлі: бірінші деңгей – мемлекеттен алынатын базалық зейнетақы, екіншісі – міндетті зейнетақы жинақтары және үшінші – ерікті зейнетақы жарналары. 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқтар тек зейнетақы жинақтары мен базалық зейнетақыға ғана сенеді. Ал елестетіп көріңізші, жас жігіт қолданыстағы заңға сәйкес негізгі бөлігін алды дейік. Ол зейнеткерлік жасқа жақындаған кезде барлығын ең төменгі мөлшерде – ең төменгі жалақының 60 пайызы және зейнетақы жарналарының ең төменгі мөлшерін алады. Қазір көріп отырғанымыздай, зейнетақы қорындағы жинақтарын ерте шешіп алып, зейнетке шыққан адамдардың орташа зейнетақысы 34 мың теңгеден аспайды, сондықтан мұны доғару керек», - деді Светлана Жақыпова.
Министрдің мәлімдеуінше, 3 трлн теңгеден астам қаражат зейнетақы қорынан ерте шешіліп алынған.
«Былай қарасақ, 1,5 млн адам зейнетақы төлемдерімен қамтылды, 3 трлн теңгеден астам қаржы зейнетақы қорынан шығарылды. Ол қаржыға адамдар үй жағдайларын жақсартты, денсаулығын емдеді. Сондықтан бұл бастама бекер болды деуге болмайды, бірақ біз болашақ зейнеткерлердің әл-ауқатын ойлауымыз керек. Өйткені, олар шағын зейнетақы ала бастағанда-ақ мемлекетті кінәлі санайды», - деді ол.