27 маусым күні Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының жетекші тауар өндірушілері қатысқан «Қазақстанның үздік тауары – 2025» жыл сайынғы байқауы, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі мен «Ауыл Аманаты» жобасына қатысушылардың өнімдерінің таныстырылымы өтті.
Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Байқау-көрменің негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, олардың өнім мен қызмет сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендтерді ілгерілету және өңірдегі өндірісті дамыту.
Көрме жәрмеңке форматында өтіп, келушілер ұсынылған тауарлармен танысып, оларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер өздерінің әлеуетті серіктестерімен және жеткізушілерімен жаңа іскерлік байланыстар орнатты.
– Біздің облыс өндірістік кәсіпорындарымен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен, табиғатының көркемдігімен және қолөнершілерімен танымал. Жыл сайын көрмеде өңірімізде өндірілетін өнім түрлері артып келеді. Өнімдеріміздің сапасы жоғары деңгейде – біз өндірісті меңгеріп, шетелдік тауарлармен бәсекеге түсе алатын дәрежеге жеттік. Бұдан бөлек, бүгінгі байқау-көрмеге «Бір ауыл – бір өнім» жобасы мен «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер де қатысуда. Шығысқазақстандық кәсіпорындар республикалық деңгейде үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұған дейін «Силумин-Восток» ЖШС, «Эмиль» ЖШС, «Восток-Молоко» ЖШС, «Бриссоль» ЖШС, «Пасека» шаруа қожалығы сынды танымал кәсіпорындар жеңімпаз атанды. Биылғы байқаудың тоғыз жүлдегері «Қазақстанда жасалған» брендімен елордамыз – Астана қаласында өтетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысады. Барша қатысушылар мен қонақтарға өз жоспарларын сәтті жүзеге асырып, табысты еңбек тілеймін! – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзінде.
Байқауға қатысушылар өз өнімдерін үш номинация бойынша ұсынды: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».
Аймақ басшысы байқау комиссиясымен бірге көрмеде ұсынылған барлық тауарлармен танысты.
Іс-шара соңында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» байқау-көрмесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алса, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері 5 миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруға қатыса алады.