шартты сурет
«Өскемен – Рахман қайнары» бағытындағы жол жөнделіп жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде республикалық маңыздағы автожолдарды орташа жөндеуден өткізуге бағытталған кең көлемді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміз бойынша жалпы ұзындығы шамамен 4 мың шақырымды құрайтын 177 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жол негізін ресайклирлеу жұмыстары 857 шақырым аумақта орындалды. Бұл көрсеткіш бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр – 193 шақырым. Одан кейін Қарағанды облысы – 131 шақырым, ал үшінші орында Солтүстік Қазақстан облысы – 129 шақырым.
– Республикалық маңызға ие тасжолдарда жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары аясында 843 шақырымға төменгі жабын қабаты төселді. Атап айтқанда, Қостанай облысында – 143 шақырым, Қарағанды облысында – 116 шақырым, Шығыс Қазақстан облысында – 104 шақырым жолға асфальттың төменгі қабаты төселді. Бүгінгі таңда республикалық маңыздағы автожолдардың 560 шақырымында үстіңгі жабын қабаты төселді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы – 90 шақырыммен алда. Сондай-ақ Ақмола облысында – 68 шақырым, Қарағанды облысында – 47 шақырым жолға жаңа жабын төселген, – делінген хабарламада.
Аталған жоба «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз», «Қостанай – Мамлютка» сынды өңіраралық маңызды бағыттарды жаңғыртумен қатар, туристік нысандарға апаратын жолдардың жағдайын жақсартуға да бағытталған. Олардың қатарында «Астана – Қорғалжын», «Өскемен – Рахман қайнары» және өзге де туристік бағыттар бар.