Шығысқазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырды

ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 15:00 0

27 маусым күні облыс орталығында Шығыс Қазақстан облысының жетекші тауар өндірушілері қатысқан «Қазақстанның үздік тауары – 2025» жыл сайынғы байқауы, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі мен «Ауыл Аманаты» жобасына қатысушылардың өнімдерінің таныстырылымы өтті.

Көрмені Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Байқау-көрменің басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендтерді ілгерілету және өңірдегі өндірісті дамыту.

Көрме жәрмеңке форматында өткізілді. Қонақтар ұсынылған өнімдермен танысып, оларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, көрмеге қатысушылар әлеуетті бизнес әріптестері мен жеткізушілерімен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға қосымша мүмкіндік алды.

– Біздің облысымыз өндірістік кәсіпорындарымен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен, табиғатының көркемдігімен және қолөнершілерімен танымал. Жыл сайын бұл көрмеде өңірімізде өндірілетін өнімдердің түрі көбейіп келеді. Бүгінгі таңда өнімдеріміз сапалы, біз өндіріс жүргізуді үйрендік және шетелдік тауарлармен бәсекелесе аламыз. Сонымен қатар, байқау-көрмеге «Бір ауыл – бір өнім» жобасы мен «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де қатысып жатыр. Шығысқазақстандық кәсіпорындар республикалық байқауларда жүлделі орындарға жиі ие болып жүр. Бұған дейін  «Силумин-Восток» ЖШС,  «Эмиль» ЖШС,  «Восток-Молоко» ЖШС,  «Бриссоль» ЖШС, «Пасека» шаруа қожалығы және басқа да танымал кәсіпорындар жеңімпаз атанған болатын. Биылғы байқаудың тоғыз жүлдегері «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрмесіне қатысу үшін елордамыз – Астана қаласына «Қазақстанда жасалған» брендімен барады. Барша қатысушылар мен қонақтарға көрме бойынша күткен нәтижеге жетуін және табысты еңбек тілеймін!» – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Байқауға қатысушылар үш номинация бойынша өз өнімдерін ұсынды: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».

Іс-шара соңында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» байқау-көрмесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алса, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері 5 млн теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруға қатыса алады. 


 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив