Биыл Ұлан ауданында 5 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл туралы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаева өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Лязиза Кенжетаеваның айтуынша, Таврия ауылдық округінде салынып жатқан сүт-тауар фермасы кешенінің құрылысының жылдың аяғына дейін аяқталады. Қазір 104 бас ірі қара мал, 6 бас бұқа сатып алынды, үшінші қораның құрылысы жүргізіліп жатыр. Донское және Привольное ауылдарында жемшөп дақылдарын одан әрі өндіру мақсатында суару жүйелері орнатылып жатыр.
Сонымен қатар, Шыбындыкөл көлінің жағасында салынып жатқан демалыс базасын 2025 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Одан бөлек, Ұлан ауданында «Stone Wool» ЖШС жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салып жатыр.
– Туризмді дамыту шеңберінде 3 жыл ішінде 2,7 млрд теңгеге жеке инвестицияларды тарта отырып, Ұлан ауданының рекреациялық аймақтарын дамыту жоспары әзірленді. Рекреациялық аймақтарды дамыту жоспарына сәйкес Дубығалы, Айыр, Шыбындыкөл көлдеріндегі муниципалды жағажайды абаттандыру, «Багратион» пантотерапиясының қосымша 40 төсек-орындарын ұлғайту, демалыс базаларын салу бойынша жобаларды іске асыру, Бозанбай ауылының Бүркіттөбе алаңын, Абылай, Ақбауыр археологиялық кешендерін абаттандыру көзделуде. Садыркөліне, Абылайкит қорғанына жол салуды жоспарлап отырмыз. Шыбындыкөл жағасындағы жол жөнделгеннен кейін муниципалды жағажай салу жоспарда бар, – деді Лязиза Кенжетаева.
2025 жылы Өскемен-Самар жолының бойындағы Тарғын ауылында санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарлануда.