Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупі әлі бар

ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 15:02 0

Облыс аумағында құрғақ және ыстық ауа райының орнығуына байланысты төтенше өрт қаупі сақталуда, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Өрттердің алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстан облысында 52 мобильді топ жұмыс істеуде. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері полиция қызметкерлерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 390-ға жуық профилактикалық рейд жүргізді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 73 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Құтқарушылар мен орманшылар орман алқаптарында рейдтік жұмыстарды күшейтті. 

– Бүгінгі таңда облыста 7 орман өрті тіркеліп, жалпы аумағы 181,8 гектарды құрады. Сонымен қатар, 1 дала өрті (аумағы 840 гектар) және 19 дала жануы орын алды. Жанулар салдарынан 160 гектар жер отқа оранды, – деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті. 

Қазіргі таңда облыста Өскемен қаласында, Алтай және Зайсан аудандарында 3-сынып, Күршім ауданында 4-сынып өрт қауіптілігі  белгіленіп отыр. 

Аумақты әуеден бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады. 

Өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде 48 өрт сөндіру бекеті мен  9 ерікті құрылым құрылған. 

Табиғи өрттердің елді мекендерге өтуіне жол бермеу мақсатында минералдандырылған жолақтар жүргізіліп, күтім жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 2068 км жоспардың 1720 шақырымы орындалған. 

Сондай-ақ, ауқымды алдын алу жұмыстары жүргізілуде: ауыл шаруашылығы өндірушілері және шаруа қожалықтарымен 1114 адамды қамтыған 115 дөңгелек үстел, 1400-ге жуық адамды құрайтын 110 ауылдық жиын және 3382 адам қамтыған 1171 нұсқама беріліп ұйымдастырылған . 

ШҚО ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.


 

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив